Қарағанды облысы, Шет ауданының Өспен округіне қарасты «Қаражартас» ауылы – талай жылдар мектеп атты білім ордасында талмай 36 жыл еңбек етіп, басшылық тізгінін ұстаған ұстаздардың ұстазы Имашев Темір Имашұлы туған ауыл. Ауылымыздың көнекөз шежірешісі, әрі әке, әрі ата, әрі ұлағатты ұстаз, әрі басшы болған ардақты жанның талабы биік, еңбекқорлығы басым, шаршауды білмеген, үйреткені көп көрегенді дана жан екеніне ауылдың еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін шек келтірмейді. Ия, еңбекжолын сонау 1950 жылы Қарағанды педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіріп, Ақмола облысы, Веселый ауданы, Амангелді селосында қазақ тілі пәнінен мұғалім болудан бастаған. 1954 жылы отбасы жағдайымен туған өлкесі Өспенге қайтып оралып, Өспен орта мектебінде пионервожатый болып істеген. 1956 жылы Еркіндік бастауыш мектебінің директорлығына тағайындалып, аталмыш мектептің «жетіжылдық», «сегізжылдық», «орталау» мектеп болып құрылуына игілікті ықпалын тигізіп, 1987 жылға дейін директорлық қызметін жалғастырып, басшылық тізгінін ұстаған. Әрине, басшылық ету оңай шаруа емес, соған қарамастан ізгілік нұрын шаша білген қасиетті жанның іс-тәжиребесі барлығына да жеткілікті бола білді. Оқушылардың амандығын бірінші кезекке қойып, жарасымды әзілмен еркелеткен мектептің іші-сыртының тазалығын, әдемілігін үнемі қадағалайтын талабы жоғары басшының, оқу-тәрбие үрдісінде әр істің нәтижелі болуына аса жауапкершілікпен қарағанын шәкірті әрі келіні Рая Сиязбекқызы ауыз толтырып айтып отыратын. Қанша мақтасақ та артық етпейтін асыл жанның табиғат берген дарындылығы, өмір көрсеткен іскерлігі, білімділігіне ешкімнің дауы жоқ. Білікті басшы, ұстаз салған сара жолдың саңлақтары, сан мыңдаған шәкірттері – бүгін еліміздің әр түкпірінде өнер-білім биігінде. Олардың арасынан ғалым да, заңгер де, ұстаз да, әртіс пен спорт жұлдыздары да шыққан. Тазабеков Иман – ғалым-ұстаз, Асанов Қасымхан – композитор, актер. Сауық Жақанова — «сандуғаш үнді» диктор, Қазақстан халық әртісі. Жақанова Роза, Жұмажанов Мағауия, ұлы Имашев Болат – заңгер. Қосылбеков Кәрібай, Ахметбеков Өкен, Садырбаев Мұхамедия, Жақыпов Балтабай – медицина ғылымының кандидаттары. Ахметбекова Бақыт, Ахметбекова Гүлнар ұстаз ізін жалғастырушы – үздік ұстаздар т.б. Бұл – ұлағатты ұстаздың жемісі. Әр шәкіртінің аузынан шыққан алғыстары, ата-аналардың ризашылығы, Білім бөлімі басшыларының мақтау сөздері – шынайлықтың белгісі. Сол еңбегі еленіп, ұстаз «Оқу ісі министрінің құрмет грамотасы», «Кәсіподағының құрмет грамотасы», «Облыстық оқу бөлімінің құрмет грамотасы», «ҚазССР оқу ісінің үздігі» атақтарын иеленді.
Имашев Темір Имашұлымен бірге еңбек етіп, бүгінгі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған қарт ұстаздарымызды әрқашанда мақтан тұтамыз. Атап айтсам: Жолданова Күләш, Кемельбаева Бибінұр, Тотаева Батима Қалдыбекқызы, Жаманадина Бақытжамал Мұхаметжанқызы және ұлы Имашев Қайрат Темірұлы. Жолданова Күлаш мұғалім ұлы ұстаз жайлы былай еске алады: « Біз 32 жыл бірге қызметтес болдық. Мені бастауыш сыныпқа жас маман ретінде алғаш қабылдады. Ол кісі өте талапшыл. Өз ісінің шебері. Педкеңесте «Біздің инспекторымыз – оқушылар. Алдымызда халықтың баласы отыр» деп үнемі айтып отыратын. «Ұзақ жылдар білікті басшым, әріптесім, тәлімгерім, ең бастысы – білім бұлағымен сусындатқан ұстазым, әрі екінші әкем, атам – Имашев Темір Имашұлының ардақты есімін мақтаныш тұтам» — десе зейнеткер ұстаз Қажыкенова Рая Сиязбекқызы. Отыз екі жылдық еңбек өтілі бар, осы ауылдың тумасы, шәкірті, бастауыш сынып мұғалімі Серикова Рухания Аманжолқызы: « … Халқының қалаулысы, елінің елеулісі бола білген ұлағатты ұстазымның арқасында бүгінгі күннің жемісті жетістіктеріне жетіп жүрмін» деп толғанса, Кешубаева Алмагүл Мекімқызы: «Темкең мұғалім нашар оқушы болмайды, нашар оқытушы болады» деп айтушы еді деп еске алады. Ұстаз салған сара жолын жалғастырып өзінің шәкірті Кемелбай Есей Хамитұлы Еркіндік орта мектебіне басшылық етсе, «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген ұстаныммен шәкірттің білікті де білімді шәкірттері бүгінгі таңда еңбек етіп жүр. Шәкірттері ұлы ұстазға деген парызы ретінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, «қара шаңырақ» білім ордасына Имашев Темір Имашұлының есімі берілуіне өз үлестерін қосуды ұйымдастыруда.
Халқымыздың ұлы батыры Б.Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де кеншісін де ұстаз өсіреді…»-, деген. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз.
Қарағанды облысы, Шет ауданы,
«Еркіндік ЖОББМ» КММ-нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
Капаева Маржан Бекетовна.